Конфессияаралық келісім және ұлтараздық қатынастарды дамыту (1 бөлім)

 92

Дәл қазір әлемде бір ғана ұлттың баласы өмір сүретін мемлекет жоқтың қасы. Иә, бәлкім, дамуы кенже қалған елдерде моноұлттық құрам кездесіп те қалатын шығар. Ал, заманауи дамудың даңғыл жолына түскен мемлекеттерде түрлі этнос өкілдерінің еркін өмір сүруі – қалыпты құбылыс. Бұл санатқа Қазақстан Республикасы да қосылады. Тәуелсіздік алған тұста әлемдік деңгейдегі сарапшылар «Қазақстанда жүзден астам ұлт өкілдері тұрады. Бұл аймақ қақтығысқа қолайлы мекен» деп санаған екен. Десек те, бұл қатерлі кезеңді аман өткердік… 
Қазақ жері өткен ғасырдағы саяси-тарихи себептерге байланысты жүздеген ұлт пен ұлыстың баласына пана болды. Жер ауып, қуғын көріп келгендерге ұлтымыз құшағын ашып, қамқорлық көрсетті. Бұл қазақтың қанына сіңген асыл қасиеттің бірі еді. Өйткені, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым, деп» деп тәрбиеледі. Сондықтан да, жаздың аптабы мен қыстық сақылдаған сары аязында үйінің іргесіне келіп қоныс тепкен жандардың дініне, нәсілі мен ұлтына қарамастан қолұшын созды. Сол қоныс аударушылар осы жерге тұрақ теуіп, ұрпақ өрбітті. 
Әрине, әр ұлттың өз дәстүрі, мәдениеті және наным-сенімі бар. Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған тұста өркениетті елдердің даму моделін қабылдайтынын және азаматтық қоғам орнату бағытын ұстанатындығын мәлімдеген болатын. Сәйкесінше, елде біреуді өзгеден төмен көру, шыққан тегіне, ұлты мен діни сеніміне байланысты кеудесінен кері итеруге түбегейлі тыйым салынды. Елдің басты заңы – Конституцияда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқын жазылған. 
Десек те, Ата заңда көрсетілген бұл  бап, барлық діни сенім атаулының бәріне еркіндік беріп, есіртіп қоймайтынын түсінген жөн. Өйткені, дін атын жамылып, адамдарды арбайтын, соңында қоғамға да, мемлекеттік қауіпсіздікке де қауіп төндіретін ағымдар бар. Сондықтан, күмәнді ағымдар мен секталарға шектеу қою – қалыпты құбылыс. Ал, дәстүрлі бағыт ұстанып, бұқара халықты мейірімге, татулық пен достыққа, бастысы адамгершілік қағидаларын сақтауға үндейтін дінге еш қарсылық жоқ. 
Қазақстан аса маңызды стратегиялық аумақта орналасқан мемлекет. Батыс пен шығысты жалғап жатырмыз. Одан қалса жер асты қазба байлықтары бойынша да көп елден ілгері болмасақ, ешкімнен кем емеспіз. Ал, бұл мысықтілеу өзге елдердің назарын бұрып, қызығушылықтарын оятуы мүмкін. Бұдан бөлек, Қазақстандағы қоғамдық тұрақтылық пен келісімді ірітіп, зобалаң туғызуға ниетті дұшпан пиғылды топтар да бар. Олар кейбір түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетіп, ылаң салуға талпынуы да мүмкін. Тәуелсіздік алған күннен былайғы уақытта мұндай қастандық әрекеттердің талайын бастан кешірдік. Десек те, дұшпандар қанша талпынса да, ел бірлігі бұзылған жоқ. Ал, мемлекеттік саясат елдегі конфессияаралық келісім мен ұлтаралық қатынасты дамытуға айрықша зейін қойып келеді. 
Қазақстандағы ұлтаралық саясатты күшейтуге бағытталған ірі қадам 2008 жылы жасалғанын айта кету керек. Сол жылы «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» қабылданып, көптеген мәселені шешуге түрткі болды. Бұл құжат елдегі барлық этнос өкілдерін біріктірудің маңызды негізгі мақсаттары мен ұлттық бірлікке жету міндетін алға қойды. Ел халқының басым дені мұсылман дінін ұстанады. Өзге конфессия өкілдері де еркін дамып келе жатқанын айта кету керек. Қазақстан өзі ұстанған саясаты өзге ұлттың баласы мен діни сенімдерге еркіндік беретінін бүкіл әлемге әйгілей алды. Бұған Астанада бірнеше мәрте өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін де атап өтуге болады. Жиын барысында түрлі деңгейдегі әлемдік мәселелер қамтылды. Бұл шараларға сол жылдары әлем елдері жоғары баға беріп, Қазақстанның жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға себеп болды. 
«Съез жұмысына исламның, христиан дінінің, иудаизмнің, буддизмнің, индуизмнің, даосизмнің, синтоизмнің, зороастризмнің жоғары дін қызметшілері, діни және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, әлемнің бірқатар беделді саясаткерлері қатысып келеді. Съез қатысушыларының табанды жұмысының арқасында форум өркениетаралық диалог тарихынан өз орнын алды», – деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Съездің тарихи маңыздылығын атап өткен болатын. Әрі БҰҰ 74 сессиясында да осы мәселені көтеріп, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің маңызын айқындап берді.

Источник: