Конфессияаралық келісім және ұлтараздық қатынастарды дамыту (2 бөлім)

 105

Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялаған соң ел аумағында тұратын жүздеген ұлт пен қырықтан астам конфессия өкілдерінің арасындағы татулықты сақтай алды. Тіпті, тұрақтылықты сақтау мемлекетіміздің негізгі бағыттарының біріне айналды. Бұл ретте, Қазақстан халқы Ассамблеясын да айрықша атап өтуге болады. Бұл орган елдегі этностаралық және конфессияаралық келісімнің стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырып, ел азаматтарын шын мәнінде бір шаңырақ астына топтастыра білді. Осы орайда, бұл күрделі істі оңтайлы реттеуге біздің ұлттық дәстүріміздің де мұрындық болғанын атап өткен жөн. Өйткені, дала заңын берік сақтаған қазақ халқында түріне, діни сеніміне қарай алалау ұғымы атымен жоқ. Керсінше, біреуге баға берерде оның ісіне және адалдығына мән береді. Бұл сонау есте жоқ ықылым заманнан келе жатқан әдет еді. 
 
Бұрын-соңды тарихымызда ешуақытта дінге негізделген қақтығыс болған емес. Еліміздің аумағында ертеден әртүрлі діндер таралып, олар бір-бірімен толерантты қатынаста өмір сүрген. Қазақстан енді ғана тәуелсіздік алған тұста Сорбонна (Франция) университетінен келген докторант маған «Қалай ойлайсыз, болашақта Қазақстанда экстремизм мен терроризм таралуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойған-ды. Сонда мен: «Қазақстанда ондай идеология мен теріс іс-әрекеттердің орын алуы мүмкін емес, себебі ол біздің халқымыздың табиғатына жат нәрсе. Әрине, біз ашық қоғамбыз, сыртқы факторлардың әсерінен орын алуы мүмкін», деп жауап берген едім. Қазір де сол пікірдемін, — дейді философия ғылымдарының докторы Нағима Байтенова. 

Дәл қазір әлем алаң күйге көшкен. Геосаясат ушығып, түрлі деңгейде діни алауыздық та туындап жатыр. Әсіресе, діни татулықты сақтаудың өзектілігі айқын көрініс тауып отыр. Күн тәртібінде экология, ядролық қарусыздану, экстремизмнің алдын алумен қатар конфессияаралық келісімді сақтау мәселесі де тұр. Бұл Қазақстан қоғамы үшін таңсық дүние емес екенін жоғарыда атап өттік. Тіпті, бұл мәселені шешуге белгілі бір деңгейде септігімізді де тигізіп жүрміз. 

Мәселен, еуропалық елдерде мұсылмандардың қасиетті кітабы – Құран кәрімді көрдеу фактілері жиілеп кетті. Бұл тұтас ислам әлемінің наразылығын туғызып, онсыз да ушығып тұрған діни экстремизмді тіптен өршітіп жіберген болатын. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта бұл істі сынға алып, алаңдаушылық білдірді. – 

Біз Бас хатшы ұсынған «Бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін» қолдаймыз. Бұл стратегиялық құжат әлемде белең алған сенімсіздік пен өшпенділікке қарсы тұруы керек. Қазақстан келесі жылы өтетін Болашақ саммитінде Болашақ пактісін қабылдау ісінде қолдаушы рөлін атқарады. Бірақ қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды. Бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруда дінаралық және конфессияаралық диалог аса маңызды. Жуырда қасиетті кітаптарға құрметсіздік таныту актілері болды. Біз осы жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек «бірлігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады. Сондықтан мен Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің елеулі рөлін мақтан тұтамын, – деді Президент
Иә, еліміздің конфессияаралық және ұлтаралық қатынасты дамытуда жетістігі де тәжірибесі де мол. Ендігі міндет, осы бағыттағы жұмыс қарқынын сақтай отырып, жетілдіруге бет алу.

Источник: