Мұсылман адамның қоғаммен қарым-қатынасы

 263
Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының теологы Аманқожа Аружан

Әрбір адамның өз кумирі, үлгі алатын тұлғасы болады. Біреуде Майкл Джексон, енді бірінде Геннадий Головкин, келесі біреуінде Коко Шанель. Жер бетінде қаншама адам болса соншама үлгі алатын тұлғасы болады. Ал барша мұсылман үмметінің үлгі алатын тұлғасы екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Пайғамбар бізге дінді жеткізуші, дінді дұрыс түсіндіруші және үмметін тәрбиелеуші ұстаз. Мұсылман үмметі Оның жүзін көріп, қасиетті сөздерін өз құлақтарымен тыңдамаса да күннен күнге сыйластықтары артып, сағыныштары жүректеріне сыймай келеді. Себебі Ол (с.а.с) барша мұсылман үмметінің жүрегінен сөзімен де, ісімен де орын ала білген. Ол (с.а.с) адамдармен қалай қарым-қатынас құру керек екенін, кіммен қалай сөйлесу керек екенін, тіпті дәретханаға қалай кіріп қалай шығу керек екенін үйретіп кеткен. Оның (с.а.с) қасиетті хадистері күнде үйімізде оқылып, жасаған іс-әрекеттеріне сай шамамыз жеткенше амал етіп жүрміз.
 Жер бетіндегі адамдардың бәрі бірдей бір дін, бір ұлттың өкілі емес. Діні, ұлты, салт-дәстүрлері әртүрлі. Соған қарамастан адам баласы бір-бірімен қарым-қатынасын үзбей араласып келеді. Адамдар тек өз ұлтының немесе өз дінінің адамдарымен араласып, басқаларын көзге імейтін болса жер бетінде осыншалық алға жылжу болмас еді. Адамдар түр-түсіне қарамай өте тығыз әрі жылы қарым-қатынас құрып келеді. Әрбір адам баласы келесі бір адамның жылы сөзіне, қолдауына мұқтаж келеді. Сол себепті бізді қауым етіп жаратқан. Жанымыздағы адамдарға әрдайым жылы жүзбен қарап, олардың көңіліне қарап сөйлеу біздің міндетіміз.
 Адамзаттың асыл тәжі болған пайғамбарымыз (с.а.с) адамдарға жұмсақ мінез танытып, әрбір сахабасының жүрегінен орын тапқан. Өзі ғана емес артынан ерген үмметінің дұрыс жолмен жүруі үшін өзі дұрыс амалдар жасаған. Сондай-ақ бізге әрдайым дұға ету керек екенін де үйреткен. Әрбір адам баласы айнаға қараған кезде «Иә, Алла, жаратылысымды көркем еткендей, мінезімді көркем ете гөр» деп дұға ету керек екенін айтып кеткен. Себебі бізді жаратқан Құдай жаратылысымызды көркем етіп жаратқан. Сол үшін пайғамбарымыз бізге әрдайым дұғаны айтып жаратылысымызға шүкіршілік айтып, мінезімізді түзеуді бұйырады.
 Көркем мінез тек жеке бастың пайдасы емес, керісінше қоғамның игілігі. Себебі көркем мінезге қол жеткізген әрбір пенде қоғаммен қарым-қатынасын түзеп, әлемге өз пайдасын қоса алады. Сондай-ақ өзінің көркем мінезі арқылы мұсылмандардың қатарын көбейте бермек. Осы себепті бізге көркем мінезге қол жеткізу маңызды.